Жаңалықтар

Ресейдің спорт министрі: ел 2028 жылғы Олимпиадаға жіберілді

Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы Олимпиадаға елдің қатысуына рұқсат берілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кейбір спорт түрлерінде шектеулер сақталып отыр.

Ресейдің спорт министрі Михаил Дегтярев 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына елдің қатысуына жол ашылғанын айтты. Оның сөзінше, санкциялар алынып, Ресей Олимпиадаға ресми түрде жіберілді.

Министрдің айтуынша, негізгі мәселе — құраманың толық жасақталуы. Кейбір спорт түрлерінде, соның ішінде жеңіл атлетикада, Ресей әлі де жарыстарға толық жіберіліп отырған жоқ.

«Біз Олимпиадаға жіберілдік және барамыз. Бұл — шешілген мәселе. Ендігі сұрақ — құраманың құрамы», — деді Дегтярев.

Ол жеңіл атлетика саласындағы жағдайдың саяси тұрғыдан күрделі екенін айтып, бұл мәселеге қатысты сотқа жүгінгендерін де жеткізді.

Министрдің пайымынша, кейбір спортшылар жолда іріктелу кезеңінде құрама сапынан шығып қалуы мүмкін. Соған қарамастан, Ресей құрамасы 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағыдай барынша толық жасақталатынын атап өтті.

Халықаралық Олимпиада комитеті 2022 жылғы 28 ақпанда Ресей спортшыларын толық шеттетуге алғаш рет ұсыныс жасаған. Ал 2023 жылғы 12 қазанда Ресей Олимпиада комитетінің мүшелігі ресми түрде тоқтатылған еді.