Бельгия чемпионатының төртінші турында «Юнион Сент-Жиллуа» «Андерлехтті» 3:0 есебімен жеңді.
Кездесудің тағдыры алғашқы таймда-ақ шешілді. 38-минутта Бесфорт Зенели есеп ашса, арада жеті минут өткенде Матео Биондич басымдықты еселей түсті.
Үзілістен кейін «Андерлехт» ойын тізгінін өз қолына ала алмады. Ал 81-минутта Рафаэль Флоруч үшінші голды соғып, матч нүктесін қойды.
Бұл жеңіліс «Андерлехт» үшін Лига Еуропасының жалпы кезеңіне шыққаннан бергі алғашқы сәтсіздік болды.
27 тамызда бельгиялық клуб Лига Еуропасы плей-офф кезеңінің қарымта ойынында өз алаңында «Қайратты» 3:0 есебімен ұтып, екі матч қорытындысы бойынша 6:0 нәтижесімен негізгі кезеңге жолдама алған еді.