Италияның Sport Mediaset басылымы алдағы «Аталанта» мен алматылық «Қайрат» арасындағы кездесуді тарихи ойын деп бағалады. Қос клуб Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде жолығады.
Жеребе қорытындысы бойынша, «Аталанта» өз алаңында кипрлік «Пафоспен», «Қайратпен» және шведтік «Мьельбюмен» ойнайды. Ал сырт алаңда «Аякс», босниялық «Борац» және латвиялық «Ригаға» қарсы шығады.
Италиялық басылымның назарын ең алдымен осы матчтың тарихы аударған. Бұл — «Аталантаның» «Қайратпен» еурокубоктағы тұңғыш кездесуі ғана емес, жалпы УЕФА турнирлерінде Қазақстан клубына қарсы бірінші ойыны болмақ.
«Бұл “Аталанта” мен “Қайрат Алматының” еурокубоктағы алғашқы кездесуі, кеңірек айтқанда, бергамолықтардың Қазақстан командасымен УЕФА турнирлеріндегі тұңғыш матчы болады. Бұған дейін “Қайрат” италиялық клубпен ойнаған — өткен маусымдағы Чемпиондар лигасында “Интерге” қарсы матчта миландықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті», — деп жазды басылым.
Sport Mediaset «Аталантаның» тағы бірнеше қарсыласымен де бұрын еурокубокта кездеспегенін атап өтті. Бергамолықтар «Пафос», «Борац», «Рига» және «Мьельбюмен» алғаш рет ойнайды.