Ресей күрес федерациясының президенті Михаил Мамиашвили ел құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жастар арасындағы әлем біріншілігі аяқталып, ресейлік балуандар 17 медаль жеңіп алды, соның алтауы — алтын. Енді негізгі назар маусымның басты додасы саналатын әлем чемпионатына аударылып отыр.
«Біздің командада маусымның басты жарысы — қазан айының соңында Астанада өтетін әлем чемпионатына дайындық жалғасып жатыр. Команданың сапалы әзірлігі мен сәтті өнер көрсетуі үшін барлық күш жұмылдырылды», — деді Мамиашвили.
Ересектер арасындағы әлем чемпионаты осы жылдың 24 қазанынан 1 қарашасына дейін Астанадағы «Барыс Аренада» өтеді.
Бастапқыда турнир Бахрейннің Манама қаласында өтуі тиіс болған. Алайда Біріккен күрес әлемі жарысты Қазақстанға көшіру туралы ресми шешім қабылдады. Мұндай өзгеріске Таяу Шығыстағы күрделі геосаяси ахуал себеп болған.