Халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев Астанада өткен IBA Nomad турнирі алдындағы баспасөз мәслихатында алдағы әлем чемпионатына қатысты маңызды мәліметтерді жария етті.
Оның айтуынша, келесі әлем чемпионаты 2029 жылы өтеді. Жарыс төрт жылда бір рет ұйымдастырылып, жүлде қоры 10 миллион доллардан асатын болады.
«Біздің мақсатымыз — әлем чемпионаттарында спортшылардың көбірек табыс табуы», — деді Кремлев.
Сонымен қатар ол әлем чемпионаттарының аралығында Әлем кубогы мен құрлық чемпионаттары өтетінін де атап өтті.
IBA аясындағы соңғы әлем чемпионаты 2025 жылдың 2-13 желтоқсаны аралығында Дубайда өтті. Сол жарыста Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орын алды, ал Сәкен Бибосынов, Оразбек Асылқұлов және Абылайхан Жүсіпов алтын медаль иеленді.
Айта кетейік, Дубайдағы додада жүлде қоры 8 миллион доллар болған еді.