Дастан Сатпаевтың Қазақстаннан ағылшынның «Бернли» клубына ауысуы оның футболдағы жаңа шындығын ашты. Енді ол тек мықты қарсыластармен емес, аптасына бірнеше матч ойнауға үйренуі керек болатын қарқынды кестемен де бетпе-бет келеді.
Казахстандық ойыншы үшін КПЛ мен Чемпионшиптің арасы айқын көрінеді: өткен маусымда Қазақстан Премьер-лигасы 26 турдан тұрса, биыл 30 турға дейін ұлғайды. Ал Чемпионшипте әр команда 46 матч өткізеді. Бұған қоса, «Бернли» Англия кубогы мен Лига кубогында да бақ сынап жүр.
Сатпаев «Бернли» сапындағы дебютін 23 тамыз күні «Вест Бромвичке» қарсы матчта жасады. Ол алаңға 58-минутта шығып, Армандо Брояның орнына ойнады. Енді небәрі үш күннен кейін командасы Лига кубогында «Брэдфорд Ситимен» кездеседі, одан соң «Норвичке» барады. Кейін «Мидлсбро», «Бристоль Сити», «Рексем» және «Суонсимен» арада қысқа үзілістермен ойнайды.
Осылайша, дебюттен кейін «Бернли» 20 күн ішінде жеті ресми матч өткізеді, ал олардың арасында төрт күннен ұзақ тынығу болмайды. Мұндай қарқын Қазақстанда сирек кездессе, Англияда бұл — қалыпты құбылыс.
«Қайратта» да тығыз кезеңдер болған. Еурокубок жүктемесіне байланысты алматылықтар бір аптаның ішінде бірнеше матч ойнауға мәжбүр болып жүрді. Мәселен, биыл шілдеде «Сутьескамен» жауапты ойынан кейін команда 18 шілдеде «Атыраумен», 22 шілдеде «Омониямен», 26 шілдеде «Ордабасыға» қарсы және 29 шілдеде қайтадан кипрлік клубпен ойнады. Өткен маусымда да еурокубок пен ел біріншілігін қатар алып жүру оңай болмағаны байқалды.
Қыста жүктеме одан әрі артады. 19 желтоқсан мен 1 қаңтар аралығындағы Boxing Day кезеңінде «Бернли» төрт чемпионат кездесуін өткізеді. Ақпанда тағы үш тур 13, 16 және 20 ақпанға жоспарланған. Ең ауыр айлардың бірі — сәуір: ол уақытта команда 22 күннің ішінде алты матч ойнауы тиіс.
Сатпаев үшін мұндай кесте әрі сынақ, әрі мүмкіндік болмақ. Қазір оның негізгі құрамдағы орны берік деп айту қиын, өйткені командада Зеки Амдуни, Лайл Фостер және Зиан Флемминг бар. Дегенмен 46 тур мен қосымша турнирлер бапкерлер штабына ротация жасауға мәжбүр етеді.