Қазақстан дзюдошылары Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында аралас командалық сында тарихта алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.
Турнир қорытындысы бойынша ұлдар құрамасы командалық есепте бірінші орын алса, қыздар құрамасы екінші сатыға көтерілді. Сондай-ақ Фатима Сыпығалиева Қазақстаннан шыққан алғашқы жасөспірім қыз дзюдошы ретінде әлем чемпионы атанды.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл нәтиже Қазақстан дзюдо федерациясы мен «Жеңіс» клубымен бірлесіп жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. 2024 жылғы Париж Олимпиадасынан кейін ұлттық құрамаға дайындық тәсілі жаңартылып, қазақстандық бапкерлер Эзио Гамба бастаған халықаралық мамандармен тығыз жұмыс істей бастаған.
Қазір жасөспірімдер, жастар және ересектер құрамалары біріздендірілген дайындық үлгісі бойынша жаттығып жүр. Мұндағы мақсат — спортшы жас санатынан келесі деңгейге өткенде, қайтадан бәрін нөлден бастамауы.
«Біз бір тізбек құрып жатырмыз: жасөспірімдер — жастар — ұлттық құрама — Олимпиада ойындары», — деді Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.
Министрдің айтуынша, командалық алтын мен жеке сындардағы 10 медальден тұратын рекорд жаңа жүйенің нәтиже бере бастағанын көрсетті. Жаңа тәсіл аясында жаттығуды ғылыми талдау, функционалдық диагностика, жүктемені жеке жоспарлау, спорттық медицина, қалпына келтіру бағдарламалары және спортшының дамуын тұрақты бақылау қамтылған.
Қазақстан Ұлттық спорт университеті ұлттық құрамаларға ғылыми-талдамалық қолдау көрсетуде маңызды рөл атқармақ. Ұқсас әдістер қазір семсерлесу, бокс, күрес және өзге де спорт түрлеріне де енгізіліп жатыр.
Жеке жарыстарда қазақстандық дзюдошылар 3 алтын, 3 күміс және 4 қола медаль алып, жалпы саны 10 жүлдеге қол жеткізді.