Бокс

Мейірім Нұрсұлтанов салмақ дәрежесін ауыстыру туралы пікірін айтты

Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов болашақта 76 килограмға ауысуы мүмкін екенін айтты. Дегенмен ол алдымен 72 келідегі шаруасын тәмамдауды көздеп отыр.

Қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов болашақта салмақ дәрежесін ауыстыру мүмкіндігін жоққа шығармады. Қазір ол орта салмақтағы жоспарларын жүзеге асырып, алдымен 72 келідегі міндеттерін аяқтағысы келеді.

Нұрсұлтановтың айтуынша, салмағы біртіндеп түсіп келеді. Үш жылдық үзілістен кейін ол бұрынғыдан ауырлай түскенін жасырмады, бірақ бәрі жоспар бойынша жүріп жатқанын атап өтті.

— Салмақ біртіндеп түсіп келеді. Үш жылдық үзіліс кезінде салмағым ауырлап кетті, бірақ бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр — 18-сі күні салмақ тапсырамыз.

— Орта салмақта өзіңізді қалай сезінесіз? Болашағыңызды осы дивизионмен байланыстырасыз ба? — Қазір нақты білмеймін, бірақ 76 килограмға ауысамын деп ойлаймын. Әуелі 72-дегі шаруаны бітіріп алу керек. Содан кейін ойланамын.

Нұрсұлтанов қазір орта салмақта өнер көрсетеді, оның салмақ шегі — 72,6 килограмм. Ол осы дивизиондағы WBC тұжырымы бойынша міндетті үміткер мәртебесін 2023 жылғы 17 қарашада Ташкентте өткен жекпе-жекте Чили боксшысы Хулио Аламосты төрешілердің бір ауыз шешімімен ұту арқылы алған.

Алайда сол мәртебеге ие болғанына қарамастан, ол ұзақ уақыт бойы чемпион Карлос Адаместің жекпе-жектерді кейінге шегеруі мен үзілістеріне байланысты титулдық айқасқа шыға алмады.

19 қыркүйекте қазақстандық боксшы АҚШ-тың Сан-Диего қаласында америкалық Хесус Рамоспен жұдырықтасады. Бұл кездесуде WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады, ал жеңімпаз чемпиондық белбеу үшін таласу құқығына ие болады.