Қазақстандық дзюдошы Фатима Супығалиева Эквадордың Гуаякиль қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.
16 жастағы спортшы 52 келіге дейінгі салмақта жеңіске жетті. Финалда ол украиналық Ксения Кирильчукпен белдесіп, негізгі уақыт ішінде жеңімпаз анықталмады.
Қосымша уақытта, яғни golden score кезеңінде Фатима қарсыласына әдіс жасап, иппонмен басым түсті. Шешуші сәттің видеосы да жарияланды.
Бұл алтын медальдің тарихи мәні бар: Фатима Супығалиева Қазақстаннан дзюдодан әйелдер арасында барлық жас санаттарын қоса есептегендегі тұңғыш әлем чемпионы атанды.
Осылайша, Қазақстан жасөспірімдер арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатында дзюдодан екінші алтын медалін жеңіп алды.