Ван ’т Схип Қазақстан құрамасына Лига наций алдында 41 футболшыны қосты
Нидерландиялық бапкер Джон ван ’т Схип Қазақстан құрамасының Лига нацийдегі алғашқы ойындарына арналған кеңейтілген тізімін жариялады. 41 ойыншы кірген құрамда бірнеше тосын шешім бар, соның ішінде КПЛ-дің үздік сұрмергені Роман Муртазаевтың болмауы назар аудартты.
Джон ван ’т Схип Қазақстан құрамасының Лига нацийдегі Фарер аралдары, Словакия және Молдоваға қарсы алғашқы матчтарына арналған кеңейтілген тізімге 41 футболшыны енгізді. Жаңа бас бапкердің алғашқы таңдауы бірқатар қызық шешімдерімен көзге түсті.
Тізім көлемінің өзі-ақ Қазақстанда ұлттық құрамаға үміткерлер шоғыры аса кең емес екенін аңғартады. Көпшілік орын қазақстандық клубтардың футболшыларына тиген: «Қайрат» пен «Астана» жеті- жетіден ойыншы берсе, «Ордабасы» алтауын, «Ақтөбе» бесеуін, ал «Елімай» төртеуін қосты. Шетелде ойнайтын алты футболшы ғана шақырылды.
Ең үлкен таңданыс тудырған жайттардың бірі — Роман Муртазаевтың тізімнен тыс қалуы. «Елімай» шабуылшысы КПЛ-де 19 кездесуде 9 гол соғып, 721 минуттың ішінде үздік сұрмергенге айналып отыр. Соған қарамастан, ол тіпті 41 футболшының қатарына да енбеген.
Ван ’т Схип бапкерлік міндетіне кіріскенде, ойыншыларды қазіргі бабына қарап таңдайтынын айтқан еді. Алайда бұл қағида Муртазаевқа келгенде орындалмағандай көрінеді. Ал шабуыл шебінде Артур Шушеначев, Рамазан Каримов, Оралхан Өміртаев және Ақмаль Бахтияров бар.
Тізім ішінде клубтық тәжірибесі азайған футболшылар да бар. Мәселен, Еркін Тапалов соңғы турларда «Қайраттың» негізгі құрамынан жиі тыс қалып жүр, ал Азамат Түйақбаев та алматылықтардың ротация ойыншысы деңгейінде. Дегенмен олардың шақырылуы жаңа штабтың жас ойыншыларды жақыннан бағамдағысы келгенімен түсіндіріледі.
Тағы бір назар аударарлық тұс — Максат Абраевтың жоқтығы. 18 жастағы вингер «Астанада» биыл 1299 минут ойнап, 3 гол соқты және 2 нәтижелі пас берді. Сондай-ақ «Ақтөбе» қорғаушысы Талғат Құсайыпов та маусым бойы бар болғаны 301 минут алаңға шыққанына қарамастан, тізімге енген.
Қақпашылар: Темірлан Анарбеков («Қайрат»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Александр Заруцкий («Ақтөбе»), Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан).
Қорғаушылар: Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Әлібек Қасым, Ян Вороговский (екеуі де — «Астана»), Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов (екеуі де — «Ордабасы»), Темірлан Ерланов, Талғат Құсайыпов (екеуі де — «Ақтөбе»), Александр Широбоков, Дамир Қасабулат, Александр Мрынский, Еркін Тапалов (бәрі — «Қайрат»), Сағадат Тұрсынбай («Жеңіс»), Владислав Васильев («Оқжетпес»), Наурызбек Жағоров («Тобыл»), Сағи Совет («Қайсар»), Арсен Әшірбек («Елімай»).