UFC-де Шавкат Рахмоновтың оралуына қатысты пікір білдірілді
UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы үміткері Стивен Томпсон Шавкат Рахмонов октагонға қайта шыққанда қандай қауіп төндіретінін айтты. Томпсон қазақстандық файтерді барлық қырынан мықты жекпе-жек шебері деп бағалады.
UFC-дің жартылай орта салмақтағы бұрынғы титул үміткері Стивен Томпсон қазақстандық Шавкат Рахмоновтың октагонға қайта оралуына байланысты өз ойын айтты.
Томпсонның пікірінше, Рахмоновтың деңгейі өте жоғары әрі ол соққы алмасуда да, күресте де, грэпплингте де мықты. Америкалық файтер ұзақ уақыт жекпе-жек өткізбеген спортшыны әлсіреп қалды деп ойлау қате екенін атап өтті.
«Ол аса қауіпті болады, өте-өте қауіпті. Бұл жігіттің барлығы керемет: стойкада да, күресте де, грэпплингте де. Оның бойында бұл қабілет әуелден бар екенін білемін. Адамдар спортшы ұзақ уақыт шықпаса, бірден жаттығуды тоқтатты деп ойлайды. Бірақ Шавкат — нағыз жекпе-жек шебері, ол басынан бері сондай. Ол тек жаттыға береді, сондықтан оны менсінбеуге болмайды. Меніңше, ол бұдан да жақсы қалыпта, мықты жігермен және жауынгерлік рухпен қайтады. Ол қанға шөлдегендей», — деді Томпсон.
Оның айтуынша, Иэн Гэрримен өткізген жекпе-жектен кейін Рахмонов қайтадан сол қарсыласымен кездескісі келеді. Томпсон қазақстандық спортшы бабына келіп, бір-екі жекпе-жек өткізген соң, Гэрри екеуінің қайта айқасуы мүмкін екенін болжады.
Еске салайық, Рахмонов Томпсонды UFC 296 турнирінде екінші раундта қылғындыру әдісімен жеңген. Қазақстандық файтердің соңғы айқасы 2024 жылдың желтоқсанында өтіп, ол Гэрриді төрешілердің бірауызды шешімімен ұтқан. Кейін Шавкат жарақатына байланысты қатардан шығып қалды және тізесіне қайтадан ота жасатты. Оның еншісінде — 19 жекпе-жектегі 19 жеңіс.