Махачев қазақстандық Рахмоновты еске алып, келесі қарсыласын атады
UFC чемпионы Ислам Махачев Иэн Гэрриді жеңгеннен кейін өзінің келесі қарсыласы туралы пікір білдіріп, жарақат алған қазақстандық Шавкат Рахмоновты еске алды. Ресейлік боксшы титулдық жекпе-жекке ең лайықты бәсекелес ретінде Карлос Пратесті атады.
UFC жеңілдетілген салмақ дәрежесінің чемпионы Ислам Махачев Иэн Гэрриге қарсы жеңісінен соң берген сұхбатында өзінің болашақ қарсыласы туралы ойымен бөлісті. Ол алдымен қазақстандық Шавкат Рахмоновтың қазіргі кезде жекпе-жекке шыға алмайтынын атап өтті, себебі спортшы тізе буынындағы ауыр жарақаттан әлі толық жазылған жоқ.
«Егер бүгін маған келесі қарсылас туралы сұрақ қойса... Шавкат Рахмонов жекпе-жекке шыға алмай отыр, ал Карлос Пратес белсенді, ол әлі күресуде. Майкл Моралес те жақсы боксшы, бірақ оның октагонда соңғы рет қашан шыққанын есіме түсіре алмай отырмын. Сондықтан қазіргі кезде титулдық жекпе-жекке ең лайықты бәсекелес деп сұрасаңыз — мен Карлос Пратесті атаймын», — деді Махачев UFC on Paramount арнасына берген сұхбатында.
Еске салайық, осы күні таңертең қазақстандық уақыт бойынша Филадельфия қаласындағы Xfinity Mobile Arena алаңында өткен UFC 330 турнирінің басты жекпе-жегінде Ислам Махачев Иэн Гэрриді судьялардың бірауыздан шешімімен (49-46, 49-46, 48-47) жеңіп, жеңілдетілген салмақ дәрежесіндегі чемпион белбеуін сақтап қалды. Осы жеңіспен ресейлік спортшы UFC тарихындағы жаңа рекорд орнатып, промоушенде қатарынан 17 жеңіске жетті.
Ал Шавкат Рахмонов тізе буынындағы ауыр жарақаттан кейін оңалу процесінде жүр. Қазақстандық спортшының октагонға қашан оралатыны әзірге белгісіз болып отыр.