Футбол

Дастан Сатпаев ресми түрде «Челсидің» ойыншысы атанды

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев алматылық «Кайраттан» лондондық «Челсиге» ресми түрде ауысты. Ол ағылшын клубымен 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойды.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сатпаев алматылық «Кайраттан» ағылшындық «Челсиге» ресми түрде көшті. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.

«Челси» жас қазақстандық шабуылшымен 2033 жылға дейін келісімшартқа қол қойғанын растады. Сатпаев жазда «синалардың» Австралия мен Азия бойынша өткен жаттығу турында команда құрамында болып, төрт матчта алаңға шықты әрі «Вестерн Сидней Уондерерспен» кездесуде гол соғып, командасының жеңісіне үлес қосқан еді.

17 жасар футболшы шабуыл шебінің бірнеше позициясында ойнай алады. Ол «Кайрат» академиясынан өтіп, 2024 жылдың мамыр айында, небәрі 15 жасында клубтың негізгі құрамында дебют жасаған болатын. Содан бері Сатпаев «Кайраттың» негізгі командасы құрамында 58 матч өткізіп, 26 гол соқты, оның ішінде УЕФА Чемпиондар лигасындағы кездесулер де бар.

«Кайраттағы» сәтті ойыны оған 2025 жылдың наурызында Қазақстан ұлттық құрамасына алғаш шақырту алуға жол ашты. Ол сол кезде 16 жас 7 ай 10 күнде болып, ел құрамасының тарихындағы ең жас дебютант атанды. Қазіргі таңда Дастан ұлттық құраманың сапында сегіз матч өткізген.

Сатпаев құрама үшін алғашқы голын 2025 жылдың қарашасында Бельгия құрамасына қарсы 1:1 есебімен аяқталған кездесуде соғып, 17 жас 3 ай 3 күнде Қазақстан құрамасының тарихындағы ең жас голшысы атанды.

«Челси» клубының баспасөз қызметі Дастанға болашақ дамуында табыс тілеп, оның ойынын мұқият бақылап отыратынын мәлімдеді. Форвардтың «Кайраттан» кетуі туралы келісім 2025 жылдың қаңтар айында бекітілген еді, трансфер құны шамамен 3,4 миллион фунт стерлингті құраған.