Волейбол

Қазақстан волейбол федерациясы вьетнамдық ойыншының жынысына күмәнданды

Вьетнамдық волейболшы спорт мамандарының көңілінде күмән туғызды

Қазақстан волейбол федерациясының мамандары Вьетнам әйелдер құрамасының ойыншысы Нгуен Туеннің жынысына қатысты шағым түсірді. Олар волейболшының организміндегі тестостеронды тексеру қажет екенін айтып, халықаралық федерацияға хат жолдамақ, деп Dopmedia.kz тілшісі Sportbugin.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамыр айында волейболдан ұлттар лигасы турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасы ақтық сында Вьетнам спортшыларына есе жіберіп қойған болатын. Қазіргі уақытта Вьетнамдық ойыншы Нгуеннің жынысы Қазақстан волейбол федерациясының мамандарына күмән тудырып отыр. Себебі оның іс-қимылы, әрекеті әйелден гөрі ер адамға ұқсайтындығы айтылған.

«Біз матчты қайта ойнатуды немесе ойын нәтижесін қайта қарауды сұрамаймыз. Турнир кезінде ол өзінің қыз екенін дәлелдейтін анықтама әкелген. Тіпті, оның суретін де менің жекеме жіберді.

Шамасы, оның гармондық жүйесінде үлкен өзгерістер болған сыңайлы. Біз оның ағзасындағы тестостеронды тексеруді талап етіп, әлемдік федерацияға хат жолдаймыз. Біздің бас бапкердің айтуынша, оның соққысы, допты қабылдауы – барлығы ер адамға ұқсайды», – деді федерацияның вице-президенті Ермек Сырлыбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 24 жастағы Нгуен Туен волейболдан ұлттар лигасында кездескен Вьетнам – Қазақстан ойынында 26 ұпай иеленіп, MVP (үздік ойыншы) атанды.