Рыбакинаның рейтинг бірінші орынына көтерілу мерзімі белгілі болды
Қазақстандық теннисшi Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің қорытындысы бойынша карьерасында бірінші рет әлемдік рейтингтің көш басына шығуы мүмкін.
Қазақстандық теннисшi Елена Рыбакина Цинциннатидегі WTA 1000 турнирінің нәтижесі бойынша тұңғыш рет әлем теннисінің бірінші номірі атануы мүмкін. Бұл туралы Tennis Updates аккаунтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Рыбакинаның болашақта әлемнің бірінші ракеткасы болатыны барған сайын анық көрінеді, тіпті бұл келесі аптада Цинциннатиде-ақ болуы мүмкін», делінген жарияланымда.
Tennis Updates мәліметінше, Цинциннатидегі турнирдің ұпайларын есептемей тұрып, Арина Соболенкода 8455 ұпай, ал Рыбакинада 7731 ұпай жиналған. Осылайша, бірінші орынға көтерілу үшін қазақстандық спортшыға осы турнирде қарсыласынан 734 ұпайға көп жинау қажет. Мұндай сценарийдің бір нұсқасы ретінде Рыбакинаның турнирде жеңіске жетуі, ал Соболенканың ширек финал сатысында жеңілуі аталады.
Есептеулерде Канададағы турнир нәтижелері де ескерілген. Рыбакина сол жерде тағы 610 ұпайға дейін жинауы мүмкін екені атап өтілген, ал теннисшілер арасындағы алшақтықтың одан әрі өзгеруі олардың Солтүстік Америка турнирлеріндегі көрсеткіштеріне байланысты болады.
Сонымен қатар Tennis Updates АҚШ ашық чемпионатынан кейінгі перспективаға да назар аударады. «АҚШ ашық чемпионатынан кейін бұл өте ықтимал болып көрінеді», делінген жарияланымда. Кори Гауфф пен Джессика Пегула да теориялық тұрғыда АҚШ чемпионатынан кейін бірінші орынға талас білдіре алады, алайда қазір екеуі де Соболенка мен Рыбакинадан едәуір қалып тұр.
Қазіргі таңда WTA рейтингінде Соболенка бірінші орында, ал Рыбакина екінші орынды иеленеді. Торонтода Рыбакина Наоми Осакадан 4:6, 7:6 (7:5), 6:4 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды. Қазақстандық теннисшінің келесі қарсыласы — Кори Гауфф болады. Соболенка бұған дейін турнирден шығып қалған, ол Екатерина Александровадан 6:7 (3:7), 6:4, 4:6 есебімен жеңілген.