ҚФБ Азия ойындары алдындағы боксшылар дайындығы туралы мәлімдеме жасады
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындық барысы туралы айтты. Боксшылар АҚШ-та жаттығып, жарыс алдында Жапонияға аттанбақ.
Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Самат Адхам ұлттық құраманың Азия ойындарына дайындық барысы жайлы мәлімдеме жасады.
«Дайындық жақсы жүріп жатыр. Біздің боксшылар АҚШ-та негізгі дайындық кезеңін аяқтап, кәсіби боксшылармен спаррингтер өткізді», — деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, тамыз айының ортасында Алматы облысындағы Жанашар ауылында тағы бір оқу-жаттығу жиыны өтпек. Ол жерге Камачо ағайынды мен АҚШ құрамасы келеді, олармен бірге қосымша спаррингтер мен арнайы дайындық жүргізілетін болады.
«Қыркүйектің басында құрама Жапонияға аттанады. Онда шамамен 10 күн жаттығатын боламыз, содан кейін Азия ойындары басталады», — деді Адхам.
Ерлер құрамасының құрамы әлі белгісіз екенін жеткізген бас хатшы, бас бапкер Жапонияға келгеннен кейін ғана құраманы жариялауы мүмкін екенін алға тартты.
Еске сала кетейік, XX Азия ойындары биыл 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияда, Нагоя мен Айти префектурасында өтеді. Бұған дейін әйелдер құрамасы бес боксшыдан тұратын құрамын жариялаған болатын.