Футбол

Диоманденің «Реалға» өтуі африкалық футболшылар арасында трансфер рекордын жаңартты

РБ Лейпциг шабуылшысы Ян Диоманденің мадридтік «Реалға» ауысуы африкалық футболшылардың тарихындағы ең қымбат трансфер болып тіркелді. Мәміле 6 тамызда ресми жарияланды.

Кот-д'Ивуар құрамасының 21 жасар шабуылшысы Ян Диоманденің «РБ Лейпциг» құрамынан мадридтік «Реалға» ауысуы ресми түрде 6 тамызда жарияланды. Трансфер сомасы 144 миллион долларды құрады, бұл көрсеткіш африкалық футболшылардың трансферлер тарихындағы жаңа рекорд болды.

Диоманде бұрынғы рекордсмен Николя Пепені едәуір басып озды. Кот-д'Ивуардың тағы бір өкілі Пепе 2019 жылы «Лильден» «Арсеналға» 92 миллион долларға ауысқан болатын.

Аталған рейтингтің үшінші сатысында Виктор Осимхеннің «Лильден» «Наполиге» өткен трансфері тұр — 91 миллион доллар. Одан кейін Омар Мармуштың «Айнтрахттан» «Манчестер Ситиге» өткен ауысуы (87 млн доллар), Брайан Мбемоның «Брентфордтан» «Манчестер Юнайтедке» өткен трансфері (87 млн доллар), сондай-ақ Осимхеннің «Наполиден» «Галатасарайға» өткен екінші ауысуы (87 млн доллар) орналасқан.

Тізімді Антуан Семеньоның «Борнмуттан» «Манчестер Ситиге» ауысуы (83 млн доллар), Ашраф Хакимидің «Интерден» «ПСЖ-ге» өтуі (78 млн доллар) және Рияд Марездің «Лестерден» «Манчестер Ситиге» трансфері (78 млн доллар) жалғастырады.

Топ-10-дың соңғы екі орнын Мохаммед Кудуштың «Вест Хэмнен» «Тоттенхэмге» ауысуы мен Пьер-Эмерик Обамеянгтың «Боруссия» Дортмундтан «Арсеналға» өткен трансфері бөліседі — екеуі де 74 миллион доллардан бағаланды.