Футбол

Индонезия БАҚ-ы Қазақстанның АФК-дан УЕФА-ға өтуін ерекше тәжірибе деп жазды

Индонезияның Geo Football футбол порталы Қазақстан құрамасының 2002 жылы Азия футбол конфедерациясынан (АФК) Еуропа футбол одағына (УЕФА) өтуіне арналған мақала жариялады. Авторлар бұл қадамды футбол тарихындағы ең қызықты конфедерациялық ауысулардың бірі деп бағалады.

Индонезияның танымал футбол порталы Geo Football Қазақстанның 2002 жылы Азия футбол конфедерациясынан (АФК) шығып, Еуропа футбол одағына (УЕФА) кіруі туралы жазды. Авторлардың пікірінше, бұл шешім әлемдік футбол тарихындағы конфедерациялар арасындағы ең қызғылықты ауысулардың бірі болды.

Мақалада атап өтілгендей, Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін алдымен АФК құрамында болған. Алайда ел трансконтинентальды мемлекет болғандықтан, оның аумағының шамамен 10 пайызы Орал өзенінің батысында, яғни Еуропа құрлығында орналасқан. Дәл осы географиялық ерекшелік Қазақстан Футбол Федерациясына УЕФА-ға өтуге өтінім беруге негіз болды.

Порталдың жазуынша, Қазақстанның Еуропамен тарихи және футбол мәдениеті тұрғысынан жақындығы да маңызды рөл атқарды. Кеңес Одағының құрамында болған кезде елдің футбол жүйесі, ойыншылар даярлау тәсілдері мен ойын мәнері көбіне ресейлік үлгіге, яғни еуропалық футбол моделіне жақын қалыптасқан.

Сонымен қатар 1998 және 2002 жылдардағы әлем чемпионаттарына жолдама алу әрекеттерінің сәтсіз болуы Қазақстан Футбол Федерациясын күшті бәсекелестік ортада ойнау қажеттігіне жетелеген. УЕФА турнирлеріне қатысу қазақстандық клубтарға, соның ішінде «Астанаға», УЕФА Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференциялар лигасында өнер көрсету мүмкіндігін ашты. Автордың пікірінше, теледидар құқықтары мен коммерциялық келісімдерден түсетін кірістердің жоғары болуы қазақстандық футболдың дамуына оң ықпал етті.

Мақалада конфедерация ауыстырған басқа елдер де мысалға келтірілген: Австралия 2006 жылы Океаниядан Азияға көшсе, Израиль 1994 жылы араб елдерінің бойкотынан кейін УЕФА мүшесі болды. Тайвань саяси қайшылықтар салдарынан уақытша Океанияға көшіп, 1989 жылы Азияға қайта оралған. Ал Жаңа Зеландия 1966 жылы АФК-дан шығып, Океания конфедерациясын құруға негіз салған.