Бокс

Бек Нұрмағанбет нокаутпен жеңгеніне қарамастан рейтингтен төмендеді

Алматыдағы кәсіби бокс кешінде ресейлік қарсыласын нокаутпен жеңген қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет BoxRec рейтингінде екі позицияға төмендеп кетті.

Қазақстандық боксшы Бек Нұрмағанбет (16-0, 14 нокаут) жуырда Алматыда өткен кәсіби бокс кешінде ресейлік қарсыласы Артыш Лопсанды (14-4-2, 9 нокаут) бесінші раундта нокаутпен жеңіп шыққан еді. Алайда бұл жеңіске қарамастан, боксшы BoxRec.com сайтының рейтингінде керісінше төмендеп кетті.

Супер орта салмақ дәрежесінде Нұрмағанбет бұрынғы 11-орыннан 13-орынға түсіп қалды, яғни екі позицияға шегінді.

Еске салайық, Бек Нұрмағанбет мексикалық атақты боксшы Сауль «Канело» Альвареспен (63-3-2, 39 нокаут) бір командада жұмыс істейді және оның спарринг-серіктесі болып табылады. Алматыдағы кездесуден кейін Альварес қазақстандық боксшыға бейнебайланыс арқылы қоңырау шалып, жеңісімен құттықтаған болатын.