Үлкен теннис

Елена Рыбакина Торонтодағы турнирге дайындықты бастады

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Канадаға келіп, WTA-1000 санатындағы Торонто турниріне дайындық жаттығуларын бастады.

Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Канадаға келіп, WTA-1000 деңгейіндегі Торонто турниріне дайындалуға кірісті.

Жарыс ұйымдастырушылары Рыбакинаның жаттығу барысынан бейне жариялады. Онда қазақстандық теннисші соққыларын шыңдап, паузадан кейінгі алғашқы ресми матчына дайындалып жатыр.

Торонтодағы турнир 2-13 тамыз аралығында ашық хард жабындысы бар корттарда өтеді. Рыбакина қатысушылар тізіміне ресми түрде енгізілген.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 7 миллион 433 мың 76 долларды құрайды. Канадада әлемнің жетекші теннисшілерінің қатысуы күтіледі, олар үшін бұл жарыс US Open-2026-ға дайындықтың бір кезеңі болмақ.

Еске салсақ, Рыбакинаның соңғы ресми матчы 4 шілдеде Уимблдон-2026 турнирінде өткен болатын. Үшінші кезеңде қазақстандық спортшы Бельгия өкілі Элиза Мертенске 6:7 (4:7), 1:6 есебімен жеңіліп қалған еді.