Жаңалықтар

ҚПЛ: "Қайрат" жеңіліп, "Қайсар" жеңген тур

Футболдан Қазақстан премьер-лигасында көшбасшы ауысты. Сырт алаңда "Оқжетпестен" (1-3) басым түскен "Ақтөбе" 25 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға шықты. 

9-шы турда "Қайрат" "Елімайдың" алаңына қонаққа барды. Матч тағдырын ойын аяқталар тұста соғылған жалғыз гол шешті. Семейлік команданың шабуылшысы Иван Свиридов 90-шы минутта өз командасына жеңіс сыйлады. Бұл жеңілістен кейін алматылық клуб 23 ұпаймен екінші орынға түсті. 

Сырт алаңда "Ұлытаудан" 0-2 есебімен басым түскен "Астана" лидерлерден қалар емес. Матчтағы екі гол да екінші таймда соғылды. Елордалықтардың еншісінде әзірге 21 ұпай бар. 

"Қайсар" маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Жергілікті жанкүйерлердің наразылығынан соң қызылордалық футболшылар өз алаңында "Тұранға" қарсы барын салып ойнады. 78-ші минутта Айбар Жақсылықов пенальтиден мүлт кетпей "Қайсарға" 3 ұпай сыйлады. 

9-шы тур аясында өткен "Жеңіс" пен "Қызылжар" арасындағы матчта есеп ашылған жоқ.