Жаңалықтар

Хаби Алонсо “Байерден” кетеді

“Байер” футбол клубының бас бапкері Хаби Алонсо биылғы маусым аяқталған соң қызметінен кетеді. Бұл туралы леверкузендік клуб өзінің ресми сайтында мәлімдеді. 

43 жастағы маман мен “Байер” арасындағы келісімшарт келер жылдың ортасына дейін жоспарланған. Алайда тараптар келісімді мерзімінен бұрын аяқтауға келісті. 

Хаби Алонсо неміс клубын 2 жарым жыл жаттықтырды. Осы уақыт ішінде “Байер” өз тарихында алғаш рет Бундеслиганың чемпионы атанды. Бұған қоса Германия Кубогы мен Германия Суперкубогын жеңіп алды. Ал леверкузеннің бір маусымға жалғасқан жеңіліссіз сериясы Еуропа лигасының финалында бір-ақ үзілді. 

Хаби Алонсо баспасөз мәслихатында ойыншыларға, клубтың қызметкерлеріне және жанкүйерлерге алғыс айтты. 

“Германия чемпионатындағы алғашқы жеңіс - маған сенім білдірген клубтың ауқымды еңбегінің жемісі. Мен бұл жеңіске үлес қосқан барлық жанға алғыс айтамын. “Байер” болашаққа дайын. Мен әрқашан клубтың алдағы жолын бақылап отырамын”-деді Алонсо. 

Хаби Алонсо бапкер ретінде “Байер” футболшыларын әлі екі рет жасыл алаңға бастап шығады. Леверкузен Бундеслиганың соңғы екі турында дортмундтың “Боруссиясы” мен “Майнцпен” кездеседі. 

Әлемдік БАҚ өкілдері Хаби Алонсо енді “Реал Мадрид” клубын жаттықтыратынын хабарлады. Испан жартылай қорғаушысы ойыншы ретінде ұзақ жылдар бойы мадридтік клубтың намысын қорғады.