Қасым-Жомарт Тоқаев УЕФА президенті Александер Чеферинмен кездесті
Қазақстан президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының елімізге көрсетіп отырған қолдауына жоғары баға берді. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент бүгінде 1 миллионнан астам отандасымыз футболмен шұғылданатынын айтты. Бұл – спортпен айналысатын азаматтарымыздың 13 пайызы. Бұдан аталған спорт түрінің бұқаралық сипат алғанын көруге болады.
Мемлекет басшысы отандық футболдың нарық талаптарына сай орнықты бизнес моделін қалыптастырып, клуб менеджментін дамыту маңызды екеніне назар аударды. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйыммен білім беру және тәжірибе алмасу бағдарламасын жүзеге асыру бағытындағы ықпалдастыққа қолдау білдірді. Бұл мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді.
Александер Чеферин кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Президентке алғыс айтып, Қазақстанмен арадағы серіктестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ UEFA мен Қазақстан футбол федерациясы арасында берік байланыс орнағанын атап өтті.