Еркін күрес шебері Нурислам Санаев спорттық мансабын аяқтағанын жариялады, деп Dopmedia.kz хабарлайды.
Қазақстандық спортшының айтуынша, бұл шешімге келу оңай болмаған.
"Көпшілік мені қайта кілемге шығасың ба деп сұрайды. Достар, бұл сұрақты өзіме талай рет қойдым. Мен әрқашан бұл күннің келетінін білдім және одан қорқатынмын. Бір күні "Бәрібір, мансабымды аяқтадым" деп айту керек болатынын түсіну қиын көрінетін еді. Енді сол сәт келді, мен ұзақ ойландым... Себебі өмірімнің барлығы күреспен тығыз байланысты болды, әрі осы әлемнен тыс өмірді елестету маған қиын", – деп жазды Нурислам Санаев Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
33 жастағы Нурислам Санаев 2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында 57 кг салмақ дәрежесінде қола медаль иегері атанған. Сонымен қатар, ол 2018 және 2019 жылдардағы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері, 2017 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері және 2018 жылы Азия чемпионы болған.