Күрес

Жалғас Жұмағұлов пен Әмір Әлбазидің жекпе-жегі ресми жарияланды

ACBJJ лигасы қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов пен UFC өкілі Әмір Әлбазидің кездесуі өтетінін хабарлады. Жекпе-жек 20 желтоқсанда Дубайда ACBJJ 24 турнирі аясында ұйымдастырылады.

Халықаралық ACBJJ грэпплинг лигасы қазақстандық ММА шебері Жалғас Жұмағұлов пен Ирак өкілі, UFC жауынгері Әмір Әлбазидің кездесуін ресми түрде жариялады.

Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, no-gi ережесі бойынша өтеді. Бұл айқас ACBJJ 24 турнирінің бағдарламасына енгізілген.

Турнир 20 желтоқсанда Дубайда, Hamdan Sports Complex аренасында өтеді.

Жұмағұлов пен Әлбази бұған дейін октагонда кездескен. 2021 жылдың қаңтарында Абу-Дабиде өткен UFC 257 турнирінде ирактық спортшы қазақстандықты төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңген еді.

Алдағы айқас Жалғас Жұмағұлов үшін ACBJJ-дегі алғашқы кездесу болмақ. Ол бұған дейін лигаға төрт жекпе-жекке арналған келісімшартқа қол қойған.

Әмір Әлбази өткен аптада Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде Бразилия өкілі Алессандро Костаны үшінші раундта тұншықтыру әдісімен жеңді. Осы нәтижеден кейін ол UFC-дің аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтингінде жетінші орынға көтерілді.