Тұрсынай Қабыл парапауэрлифтингтен әлем чемпионы атанды
Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан парапауэрлифтингтен әлем чемпионатында қазақстандық Тұрсынай Қабыл алтын медаль жеңіп алды. Ол 41 келіге дейінгі салмақта үздік нәтиже көрсетіп, екі сында да көш бастады.
Бахрейннің Манама қаласында басталған парапауэрлифтингтен әлем чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан спортшысы Тұрсынай Қабыл алтын медаль иеленді.
26 жастағы отандасымыз 41 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, басты есепте 100 келіні еңсерді. Осы нәтижесімен ол қарсыластарын сенімді түрде артта қалдырды.
Тұрсынай Қабыл үш мүмкіндіктің қорытындысы бойынша да үздік шығып, 297 келі нәтижемен тағы бір алтын медаль алды.
Бұл салмақта күміс жүлде түркиялық Рейхан Полатқа бұйырса, қола жүлдені Ресей спортшысы Татьяна Жаворонкова жеңіп алды. Қазақстан атынан осы салмақта шыққан Данагүл Есжанова сегізінші, Арианна Кобзарь тоғызыншы орынға тұрақтады.
Тұрсынай Қабыл үшін бұл — әлем чемпионатындағы алғашқы алтын медаль. Бұған дейін ол Азия Пара ойындарында екі мәрте күміс жүлде алған, сондай-ақ Париж-2024 Паралимпиадасында алтыншы орын иеленген.
Манамада өткен жарыстың алғашқы күнінде Арианна Кобзарь да жүлдеге қол жеткізіп, жастар арасындағы есепте 41 келіге дейінгі салмақта 54 келі көтеріп, алтын медаль еншіледі. Ол осы нәтижесімен халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады.