Жаңалықтар

Синдаров пен Гукеш шахмат коронасы үшін матчты тең есеппен бастады

Швейцарияның Колоньи қаласында өткен әлем чемпионаты матчының алғашқы партиясы тең аяқталды. Жавохир Синдаров пен Гукеш Доммараджу 38 жүрістен кейін ұпай бөлісті.

Швейцарияның Колоньи қаласында өткен классикалық шахматтан әлем чемпионы атағы үшін матчтың алғашқы партиясы тең аяқталды. 20 жастағы өзбек гроссмейстері Жавохир Синдаров пен Үндістан өкілі, қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу есепті тең бастап отыр.

Ақ фигурамен ойнаған Синдаров та, қарамен қорғанған Гукеш те партия бойы өте сақ қимылдап, артық тәуекелге барған жоқ. Екі шахматшы да мүлтіксіз ойнап, қателікке жол бермеді. Нәтижесінде ойын жүрістердің үш рет қайталануынан кейін тең аяқталды.

Позицияны екі шахматшы кезекпен қайталағанымен, партияны 38-жүрісте Синдаров тең есепке бекітті. Осылайша матчтағы есеп 0,5:0,5 болды.

Екінші партия 25 қарашада өтеді. Бұл кездесуде ақ фигурамен Гукеш ойнайды.

Бұл қарсыластық жалпы жас шамасы жағынан шахмат коронасы үшін өткен ең жас матч саналады. Матч 14 классикалық партиядан тұрады. Жеңіске жету үшін 7,5 ұпай жинау қажет, ал есеп 7:7 болса, тай-брейк 12 желтоқсанға жоспарланған. Жүлде қоры 2,5 миллион долларды құрайды.

Женевада Синдаровқа Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаева қолдау көрсетіп жүр.