Үлкен теннис

Жібек Құламбаева Буэнос-Айресте ірі жеңіспен негізгі кезеңге өтті

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Буэнос-Айрестегі турнирдің іріктеу сынында жергілікті Гуадалупе Рондинонаны екі сетте ойсырата жеңді. Кездесу небәрі 45 минутқа созылды.

Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева Буэнос-Айресте (Аргентина) өтіп жатқан турнирдегі жарысын сенімді жеңіспен бастады.

WTA рейтингінде 378-орында тұрған Құламбаева іріктеу финалында турнир қожайындары арнайы шақырту берген, рейтингі жоқ Гуадалупе Рондинонаны кездестірді. Қазақстандық спортшы қарсыласын 6:1, 6:0 есебімен тізе бүктірді.

Бұл матч бар болғаны 45 минутқа созылды. Осы нәтижеден кейін Жібек Құламбаева жарыстың негізгі кезеңіне жолдама алды.

Буэнос-Айрестегі турнирдің жүлде қоры 115 000 долларды құрайды. Жарыстың бірінші ракеткасы ретінде аргентиналық Солана Сьерра тіркелген, ол WTA рейтингінде 105-орында тұр.

Құламбаеваның соңғы нәтижелері де көңіл қуантады: ол соңғы екі аптада жұптық сайыста екі титул жеңіп алған.