Хоккей

Александр Овечкин «Вашингтонның» НХЛ-дегі тарихи рекордын жаңартты

Александр Овечкин «Вашингтон Кэпиталз» сапында НХЛ тарихындағы нәтижелі пас саны бойынша клубтың дара рекордсмені атанды. Ол бұл межеге «Баффало Сэйбрзге» қарсы өткен ойында жетті.

«Вашингтон Кэпиталз» капитаны Александр Овечкин Ұлттық хоккей лигасындағы клуб тарихында нәтижелі пас саны бойынша жаңа рекорд орнатты.

41 жастағы шабуылшы 20 қараша күні өткен үйдегі матчта «Баффало Сэйбрзге» қарсы ойында көзге түсті. Кездесу 3:6 есебімен «Вашингтонның» жеңілісімен аяқталды. Овечкин 50-минутта Буна Дженнерге пас беріп, алаң иелерінің үшінші шайбасына үлес қосты.

Бұл нәтижелі пас оның НХЛ-дің тұрақты чемпионаттарындағы 763-ші ассисті болды. Осылайша Овечкин «Вашингтондағы» көптен бергі әріптесі Никлас Бэкстрёмнің 762 нәтижелі пас көрсеткішін жаңартты. Бэкстрём клуб сапында 1105 матч өткізіп, осы межеге жеткен.

11 қарашада Овечкин «Оттава Сенаторзға» қарсы ойында Коула Хатсонға пас беріп, Бэкстрёммен теңескен еді. Қазір ол клуб тарихында гол, нәтижелі пас және жалпы ұпай саны бойынша жеке-дара көш бастап тұр. Оның еншісінде НХЛ-дің тұрақты чемпионаттарында 930 гол және 1693 ұпай бар.

Сонымен бірге, «Кэпиталз» капитанының гол соқпай жүрген сериясы жалғасып, «Баффаломен» матчтан кейін 15 ойынға жетті. «Вашингтон» қатарынан төртінші рет жеңіліп, 20 матчтан кейін 20 ұпаймен қалды. Келесі ойынын команда 22 қараша күні сырт алаңда «Бостон Брюинзге» қарсы өткізеді.