Бокс

Астанадағы әлем чемпионатына тіркеу ашылды

World Boxing 2027 жылғы әлем чемпионатына қатысушыларды тіркеуді бастады. Турнир 10–26 сәуір аралығында Астанада өтіп, Лос-Анджелес Олимпиадасына алғашқы лицензиялық жарыс болады.

Халықаралық World Boxing федерациясы 2027 жылы Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысушыларды тіркеуді ашты.

Турнир 2027 жылғы 10–26 сәуір аралығында ұйымдастырылады. Бұл жарыс World Boxing үшін 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеудің алғашқы кезеңі болмақ.

Чемпионатта алғашқы 44 олимпиадалық жолдама сарапқа салынады. Олардың 22-сі ерлерге, 22-сі әйелдерге беріледі.

Астанадағы әлем чемпионатын өткізу туралы шешім World Boxing тарапынан 2024 жылдың желтоқсанында жарияланған. Ал мамыр айында Халықаралық олимпиада комитеті Қазақстан астанасын турнир өтетін орын ретінде түпкілікті бекітіп, оны 2028 жылғы Олимпиадаға арналған алғашқы лицензиялық жарыс мәртебесімен бекітті.

Осылайша, Астанадағы дода әлемдік бокста алғаш рет ерлер мен әйелдер чемпионаттары біріктірілген форматта өтпек.