Жаңалықтар

Мырзабосынов Азия ойындарындағы Төксанбаеваның нәтижесі бойынша жауапкершілік қаралатынын айтты

Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында жеңіл атлет Ясмина Төксанбаеваға қатысты даулы жағдайға байланысты жауапты тұлғалар мәселесін қарап жатыр. Түпкілікті шешім соттан кейін қабылданады.

Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Азия ойындарында жеңіл атлетші Ясмина Төксанбаеваның нәтижесі жойылғаннан кейін, осы жағдайға қатысы бар тұлғалардың жауапкершілігін қарастырады. Бұл туралы ведомство басшысы Ербол Мырзабосынов СЦК-де өткен брифингте айтты.

Министрдің сөзінше, қазір тиісті федерация бұл мәселе бойынша белсенді жұмыс істеп жатыр және арбитраж сотына қажетті өтініштерді жолдаған.

— Ең маңыздысы — мұндай жағдайлардың қайталанбауына қол жеткізу. Мұнда спорт комитетінің, федерацияның, Ұлттық олимпиада комитетінің, бапкерлік штабтың және спортшының өз жауапкершілігі бар. Жеңіл атлетикада 45 дисциплина бар, ал бұл жағдайда болмауға тиіс жағдай орын алды. Біз жол картасын әзірледік және соның қайталанбауы үшін жұмыс істеп жатырмыз, — деді Мырзабосынов.

Ол нақты адамдардың жауапкершілігі бойынша мәселе түпкілікті сот шешімінен кейін қаралатынын да атап өтті.

— Бірақ біздің басты қағидамыз — спортшыны қолдау. Спорттық мансап бір ғана жарыспен аяқталмайды, алда Олимпиада ойындары бар, — деді министр.

Еске салсақ, Айти-Нагоядағы Азия ойындарында 21 жастағы Ясмина Төксанбаева әйелдер арасындағы марафондық спорттық жүрісте 3 сағат 22 минут 20 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жеткен. Алайда кейін оның көрсеткіші жойылды. Ұйымдастырушылар мұны спортшының аяқ киімі бекітілген тізімге сәйкес келмейтінімен түсіндірген.