Бокс

Профи рингінде 16 жеңісі бар Ли Ривз 31 жасында көз жұмды

Ирландиялық боксшы Ли Ривз үш ай бұрын жекпе-жекте ауыр жарақат алып, 31 жасында қайтыс болды. Ол жекпе-жектен кейін ота жасатып, жасанды комада жатқан еді.

Ирландиялық боксшы Ли Ривз 31 жасында дүниеден өтті. Ол жекпе-жекте алған ауыр жарақаттардан кейін үш айдан соң қайтыс болды.

Тамыз айында Ривз Дублинде жерлесі Гэри Каллиге нокаутпен есе жіберген еді. Жекпе-жектен кейін оған миына операция жасалып, содан бері спортшы дәрі-дәрмекпен ұйықтатылған күйде жатқан.

Boxingscene.com мәліметіне қарағанда, өткен демалыс күндері боксшыда инфекция пайда болып, ол 16 қараша, дүйсенбі күні көз жұмған.

Queensberry Promotions ұйымдастырған жекпе-жекке байланысты промоутерлік компания марқұмның отбасына көңіл айтты. «Queensberry-дегі бәріміз Ли Ривздің қазасы туралы хабардан есеңгіреп қалдық. Ли аса дарынды боксшы, өз ортасы үшін нағыз үлгі мен шабыт көзі еді», — делінген мәлімдемеде.

Калли де рингтегі қарсыласына құрмет көрсетіп, әлеуметтік желіде арнайы жазба қалдырды. Екеуі жекпе-жекке дейін-ақ бір-бірін білетін.

Әуесқой деңгейде Ривз бес ұлттық титул жеңіп алған. Кәсіби рингте ол 18 жекпе-жектің 16-сында жеңіске жетіп, олардың 11-ін нокаутпен аяқтады.