Санат Шалекенов Қазақстан құрамасының Молдоваға есе жіберу себебін айтты
Бұрынғы футболшы Санат Шалекенов Қазақстан құрамасының Молдоваға қарсы ойындағы жеңілісін бапкердің шешімімен байланыстырды. Оның айтуынша, командаға батылдық пен жоғарырақ қысым жетіспеген.
Бұрынғы «Актобе» және Қазақстан жастар құрамасының қорғаушысы Санат Шалекенов Ұлттар лигасында Молдоваға қарсы өткен ойында ұлттық құраманың 1:2 есебімен ұтылуына қатысты пікір білдірді.
Шалекеновтің айтуынша, бұл нәтиже үшін ең алдымен бас бапкер жауапты. Ол командаға қолда бар ең мықты футболшыларды шақыру бір бөлек, ал олардың мүмкіндігін толық ашатындай ойын жүйесін құру бір бөлек екенін атап өтті.
«Бұл ойында бізге жеңіс керек болды, сондықтан батылырақ ойнап, тәуекелге көбірек бару қажет еді. Мен 4-3-3 жүйесін қарастырар едім. Қарсыласты жоғарырақ қарсы алып, ұйымдасқан қысым көрсетіп, алда көбірек қауіп тудыру керек болатын», — деді ол.
Оның сөзінше, шешуші кездесуде алаңнан қажетті жігер байқалмаған. Шалекенов бапкер ойынға серпін беріп, қажет сәтте тактиканы өзгерте алуы тиіс екенін айтып, негізгі сұрақтарды да сол маманға бағыттады.
Еске салайық, Кишиневтегі матчта Молдова құрамасы Қазақстанды 2:1 есебімен жеңді. Хозяиндер сапында Петр Попеску дубль жасады, ал Қазақстан құрамасының жалғыз голын Ислам Чесноков соқты.
Бұл жеңіліс Джон ван ’т Схип шәкірттерінің Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін жойды. Топтық кезеңдегі соңғы ойынды Қазақстан құрамасы 16 қараша күні «Астана Аренада» Словакияға қарсы өткізеді.