Хоккей

«Номад» Континенталды кубокта екінші жеңісіне жетіп, көш бастады

Астананың «Номад» хоккей клубы Континенталды кубоктың екінші кезеңінде румынның «Корона Брашов» командасын ірі есеппен ұтты. Осылайша, қазақстандық ұжым екі матчтан кейін алты ұпай жинап, топта бірінші орынға шықты.

Астаналық «Номад» хоккейшілері Континенталды кубоктың екінші кезеңіндегі екінші матчында Румынияның «Корона Брашов» клубын 5:2 есебімен тізе бүктірді.

Кездесудің тағдырын ерте ашқан Абзал Алибек жетінші минутта есепті ашты. Бұдан кейін екінші кезеңде Даниил Цыбин 22-минутта, Никита Сытников 27-минутта және Кирилл Панюков 31-минутта мергендік танытып, қазақстандық команданың басымдығын еселей түсті.

Ойынның соңғы бөлігінде Александр Мигунов 44-минутта бесінші шайбаны соғып, «Номадтың» жеңісін нақтылады.

Осы нәтижеден кейін астаналық клуб екі матчтан алты ұпай жинап, D тобында көш бастады.

Бұған дейін «Номад» Италияның «Азиаго» командасын 3:2 есебімен жеңген еді. Енді қазақстандық клуб топтық кезеңдегі соңғы ойынын 15 қарашада Данияның «Херлев Иглз» ұжымына қарсы өткізеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 20:30-да басталады.