Күрес

Ресей күрес федерациясы Астанадағы оқиғадан кейін UWW-ға жүгінді

Ресейдің спорттық күрес федерациясы Астанада өткен әлем чемпионатында жарақат алған Елизавета Смирноваға өтемақы мен америкалық балуан Морган Николь Тернерге ұзақ мерзімді дисквалификация сұрап, құжаттардың бәрін UWW-ға жолдады.

Ресейдің спорттық күрес федерациясы Астанада өткен әлем чемпионатындағы оқиғадан кейін Біріккен әлем күресіне (UWW) ресми түрде жүгінді. Ұйым америкалық Морган Николь Тернерге қатысты өтемақы төлеу және ұзақ мерзімге жарыстан шеттету туралы шешім қабылдауды сұрап отыр.

Федерация президенті Михаил Мамиашвилидің айтуынша, барлық қажетті құжат дайындалып, халықаралық федерацияға жіберілген. Қазір тарап UWW-дың шешімін күтіп отыр.

Астанадағы жарыста 57 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Елизавета Смирнова 1/8 финалдық белдесуде қарсыласынан көзінен соққы алған. Кейін UWW дәрігерлері оны тексеріп, жарысты жалғастыруға рұқсат бермеген.

Смирнованың айтуынша, оның көзінің шырышты қабығы жыртылып, екі көзінің тор қабығында тыртықтар пайда болған. Ресейге оралған соң спортшыға ота жасалды, ал дүйсенбі күні ол ауруханадан шығарылды.

«Смирнованың жағдайы, құдайға шүкір, жақсы. Қай кезде жаттығуға қайта кірісетіні дәрігерлердің кеңесіне байланысты болады. Барлық құжаттарды толық жинап, халықаралық федерацияға жібердік. Өтемақы мен америкалық спортшының дисквалификациясы болады ма, соны күтіп отырмыз», — деді Мамиашвили.