Жаңалықтар

Бибисара Асаубаева Арджун Эригайсиді ұтып, мансабындағы ең ірі жеңісіне қол жеткізді

Қазақстандық шахматшы Будапешттегі элиталық турнирде әлемнің үздік гроссмейстерлерінің бірі Арджун Эригайсиді сенсациялық түрде жеңді. Бұл — Асаубаеваның классикалық уақыт бақылауындағы рейтинг жағынан ең құнды жеңісі.

Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 элиталық турнирінде Үндістан өкілі Арджун Эригайсиді жеңді.

Екі ойыннан тұратын мини-матчтың екінші кезеңіндегі топтық раундта Асаубаева қара фигурамен ойнап, алғашқы партияда қарсыласынан басым түсті.

Бұл жеңіс Бибисараның мансабындағы классикалық уақыт бақылауындағы ең жоғары рейтингті жеңісі болды. Кездесу сәтінде Эригайсидің рейтингі 2746 ұпайға тең еді, ол ФИДЕ рейтингінде 12-орында тұрған.

Осыған дейін Асаубаева классикалық форматта рейтингі 2700-ден асатын шахматшыларды жеңіп көрмеген. Бұған дейінгі ең жақсы нәтижесі — рейтингі 2691 болған Санан Сюгировты ұтуы.

Айта кетейік, турнирдің алдын ала блиц жарысында Асаубаева 10 қараша күні сегіз рет қатарынан жеңіліп, небәрі 0,5 ұпай жинаған еді. Соған қарамастан, топтық кезеңнің бірінші раундында ол АҚШ-тың үш дүркін чемпионы Уэсли Сомен екі рет тең ойнады.