Каменский 2027 жылғы жастар чемпионатын Қазақстан да қабылдай алатынын айтты
Валерий Каменский IIHF Канада билігін Ресей құрамасын жастар арасындағы әлем чемпионатына жіберуге міндеттеуі керек деп санайды. Болмаса турнирді АҚШ, Ресей, Беларусь немесе Қазақстан қабылдай алатынын айтты.
Олимпиада чемпионы Валерий Каменский Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Канада билігін Ресей құрамасын жастар арасындағы әлем чемпионатына жіберуге міндеттеуі керек деп мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай шешім қабылданбаса, турнирді басқа елге көшіруге болады.
Каменскийдің пікірінше, бұл жағдайда матчтарды АҚШ, Ресей, Беларусь немесе Қазақстан өткізе алады. Ол Канада тарапынан шектеу қоюды әділетсіз деп бағалап, спортшылардың мүддесі бірінші орында тұруы тиіс екенін айтты.
Бұған дейін TSN Канада үкіметі Канада хоккей федерациясы мен IIHF-ке ресми түрде Ресей хоккейшілеріне алдағы жастар әлем чемпионатына виза бермейтінін хабарлағанын жазған. Осыдан кейін Ресей хоккей федерациясы IIHF-ке хат жолдап, Ресей құрамасын турнирге жіберуді немесе жарысты Канададан басқа жерге ауыстыруды талап еткен.
«IIHF Канада билігін Ресей құрамасының қатысуына мүмкіндік беруге міндеттеуі керек. Заң орындалуы тиіс, әсіресе Спорттық арбитраж сотының шешімі бар. Команданы кіргізбеу — өрескелдік. Біз бәрібір турнирге дайындалып, онда ойнауымыз керек».
2027 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты 26 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында Канаданың Эдмонтон және Ред-Дир қалаларында өтуі тиіс.