Анастасия Городко Австриядағы FIS Open турнирінде алтын жеңіп алды
Қазақстандық фристайл-могул шебері Анастасия Городко Австриядағы Хинтертукс мұздығындағы FIS Open турнирінде жеңімпаз атанды. Ол финалда 74,04 балл жинап, ең жоғары нәтиже көрсетті.
Қазақстан құрамасының фристайл-могул өкілі Анастасия Городко Австрияның Хинтертукс мұздығында өткен FIS Open халықаралық турнирінде жеңіске жетті.
Городко әйелдер бәсекесінде 74,04 балл жинап, қарсыластарын артта қалдырды. Екінші орын жапониялық Мио Таниға бұйырды — 71,41 балл. Үштікті тағы бір жапон спортшысы Марин Ито түйіндеді, оның еншісінде 70,66 балл бар.
Бұл сында Қазақстан атынан Юлия Феклистова мен Юлия Мокина да бақ сынады. Феклистова 52,55 баллмен 13-орынға тұрақтаса, Мокина 25,63 баллмен 22-сатыда жарысты аяқтады.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтардан ең үздік нәтиже Павел Колмаковқа тиесілі болды — ол 72,34 баллмен сегізінші орын алды. Фёдор Бугаков 66,49 баллмен оныншы, Максим Емельянов 65,69 баллмен 11-орын, ал Семён Русаков 62,60 баллмен 13-сатыға жайғасты.
Сондай-ақ Даниил Коротков 20-орын, Ильнар Ибрагимов 21-орын, Алексей Дегтярёв 24-орын және Дмитрий Пятаков 43-орын иеленді. Ерлер жарысында жапониялық Такэто Нисидзава топ жарды — 79,63 балл. Одан кейін оның отандасы Иккэй Фудзимура 78,54 баллмен екінші, ал Рёма Хаяси 75,56 баллмен үшінші орын алды.