ДАР Team бапкері Шавкат Рахмоновтың жаңа жарақаты туралы ақпаратты жоққа шығарды
Шавкат Рахмоновтың жаңа жарақат алғаны жөніндегі мәліметке DAR Team бас бапкері Эдуард Базров түсініктеме берді. Ол мұндай ақпараттың жалған екенін айтты.
DAR Team клубының бас бапкері Эдуард Базров Шавкат Рахмоновқа қатысты тараған жаңа жарақат туралы ақпаратқа пікір білдірді.
«Мен ондай ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Өзім Шавкаттың жаңа жарақаты жайлы ештеңе естіген жоқпын. Мұны біріншілердің бірі болып мен білер едім ғой. Сондықтан бұл — жай ғана фейк», — деді бапкер.
Рахмонов соңғы рет UFC-де 2024 жылдың желтоқсанында жұдырықтасқан. Ол ирландиялық Иэн Гэрримен (17-2) кездесіп, төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіске жеткен еді.
Содан бері қазақстандық файтер тізе жарақаты мен ұзаққа созылған оңалу үдерісіне байланысты октагонға шыққан жоқ. Кейінірек бұқаралық ақпарат құралдарында оның тізесі бірнеше операциядан кейін де толық қалпына келмей, қарқынды жаттығуға кедергі келтіріп жүргені туралы мәлімет тараған болатын.