Күрес

Зейнеп Оразхан әлем чемпионы атағынан айырылып, 3 жылға шеттетілді

Қазақстандық ММА спортшысы Зейнеп Оразхан антидопинг ережелерін бұзғаны үшін үш жылға дисквалификацияланды. Оның 2024 жылғы әлем чемпионатындағы нәтижелері де жойылды.

ММА бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық Зейнеп Оразхан үш жылға жарыстардан шеттетілді және чемпиондық титулынан айырылды.

Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі хабарлағандай, спортшы Глобалдық аралас жекпе-жек қауымдастығының антидопинг ережелерін бұзу бойынша екі тәртіптік жазаға келісті. Тексеру нәтижесінде 2024 жылғы 14 желтоқсанда алынған сынамадан мельдоний табылған.

Спортшыға сол кезде уақытша шеттету жарияланғанымен, ол оның шарттарын сақтамаған. Сондықтан бұл кезең дисквалификация мерзіміне есептелмейді.

Сонымен бірге Оразхан 12 сағат ішінде жалпы көлемі 100 миллилитрден асатын инфузия қолданғанын мойындады. Бұл тәсіл Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің 2024–2026 жылдарға арналған тыйым салынған тізімінде көрсетілген.

Осылайша, оның дисквалификациясы 2026 жылғы 20 қазаннан 2029 жылғы 19 қазанға дейін созылады. Бұған қоса, 2024 жылғы әлем чемпионатындағы барлық жеке нәтижесі жойылып, медальдары, ұпайлары мен жүлделері қайтарып алынады.

Зейнеп Оразхан 2024 жылдың желтоқсанында Индонезияның Тангеранг қаласында өткен әлем біріншілігінде 72,6 килограмнан жоғары салмақта чемпион атанған еді. Кейін, 2025 жылдың көктемінде басталған тексеру жүріп жатқанда, ол жарысқа қатысуды жалғастырып, биыл қазанда Қазақстан чемпионатында да жеңіске жеткен.