Бокс

Жәнібек Әлімханұлы «Канелоның» 2027 жылға арналған жоспарына енді

Эдди Рейносо Сауль «Канело» Альварестің 2027 жылға арналған ықтимал қарсыластарының тізіміне Жәнібек Әлімханұлын қосты. Қазақ боксшысы бұл жоспарға 23 қаңтардағы жекпе-жекте жеңіске жетсе ғана ілігуі мүмкін.

Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварестің бапкері әрі менеджері Эдди Рейносо 2027 жылға арналған ықтимал қарсыластардың қатарына қазақстандық Жәнібек Әлімханұлын қосты. Тізімге Әлімханұлының дат боксшысы Якоб Банкпен болатын жекпе-жегінің жеңімпазы енгізілген.

Экс-чемпионның есімі екінші орта салмақтағы біріктіру жекпе-жектері санатына жазылған. Бұл тізімде бұдан бөлек мексикалық Хайме Мунгия, америкалық Кристиан Андраде, WBC тұжырымы бойынша екінші орта салмақтағы уақытша әлем чемпионы Лестер Мартинес және жартылай ауыр салмақтағы WBC әлем чемпионы Вилли Хатчинсон да бар.

Сондай-ақ Эдди Рейносо командасы америкалық Теренс Кроуфорд пен ресейлік Дмитрий Биволға қарсы реванштарды да мүмкін нұсқалардың бірі ретінде қарастырып отыр.

Осылайша, Жәнібек Әлімханұлы алдағы жекпе-жекте жеңіп, чемпиондық белбеуге қол жеткізсе, «Канелоның» болашақ қарсыластарының бірі бола алады.

Әлімханұлы мен Якоб Банк арасындағы кездесу 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласындағы Forum Horsens аренасында өтеді. Жекпе-жек алдында бос тұрған WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы әлем чемпиондық белбеуі сарапқа салынады. Бұл атақ британдық Хамза Шираз белбеуден бас тартқаннан кейін бос қалған.