Күрес

Хабиб Нұрмағомедов Астанадағы күрес әлем чемпионатынан байқалды

UFC Даңқ залының мүшесі Хабиб Нұрмағомедов Астанада өтіп жатқан күрес бойынша әлем чемпионатының шешуші кезеңдеріне келді. Ол «Барыс Аренада» белдесулерді тамашалаған сәт видеоға түсіп қалған.

UFC Даңқ залының мүшесі Хабиб Нұрмағомедов Астанаға келіп, күрестен әлем чемпионатының финалдық кезеңдерін көрді.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеода атақты дағыстандық спортшының «Барыс Аренада» өткен белдесулерді бақылап отырғаны байқалады. Кадрда Ресей өкілі Ибрагим Қадиевтің 86 келіге дейінгі салмақта АҚШ балуаны Кайл Дейкпен жартылай финалда күрескен сәті де көрсетілген.

Видеодағы комментарийде Степан Крижановский: «Да, кстати, Хабиб Нурмагомедов тоже в Казахстане. Болеет, переживает», — дейді.

2026 жылғы күрес әлем чемпионаты Астанадағы «Барыс Аренада» 24 қазанда басталып, 1 қарашаға дейін жалғасады. Жарысқа 135 елден келген шамамен 900 спортшы қатысып жатыр.

Балуандар еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша сынға түсуде. Барлығы 30 салмақ дәрежесінде 30 медаль жиынтығы сарапқа салынады.