Алтын Шағаева әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Астанада өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық балуан Алтын Шағаева 59 келіге дейінгі салмақта жартылай финалға жолдама алды. Ол ширек финалда Польша спортшысын 5:1 есебімен жеңді.
Қазақстан әйелдер құрамасының өкілі Алтын Шағаева Астанада өтіп жатқан 2026 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға шықты.
59 келіге дейінгі салмақта өткен ширек финалда Шағаева Польша балуаны Йовита Вжесеньді 5:1 есебімен ұтты. Енді ол финал жолдамасы үшін үндістандық Манишаға қарсы күреседі.
Алтын Шағаева жарысты да сәтті бастаған еді. Ол алғашқы белдесуінде Түркия өкілі Бедиха Гюнді 3:1 есебімен жеңді.
Әйелдер арасындағы 59 келі салмақтағы жартылай финалдық белдесулер бүгін 16:30-да басталады. Финалдық кездесулер 30 қазанға жоспарланған.