Еркетан Жаркынбек жастар арасындағы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды
Будвада өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Еркетан Жаркынбек жартылай финалда ұтылып, қола медаль алды. Ол Украина өкілі Владислав Науменкомен өткен кездесуде төрешілердің бөлінген шешімімен жеңілді.
Қазақстандық боксшы Еркетан Жаркынбек Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында жұдырықтасты.
90 келіге дейінгі салмақта өткен финал жолдамасы сарапқа салынған кездесуде Жаркынбекке Украина өкілі Владислав Науменко қарсы тұрды. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті украиналық боксшыға бөлінген шешіммен берді — 4:1.
Осылайша, Владислав Науменко финалға жолдама алды, ал Еркетан Жаркынбек әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты 16-27 қазан аралығында Будвада өтіп жатыр. Жарысқа 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысуда. Ерлер бәсекесінде медальдар 10 салмақ дәрежесінде сарапқа салынады, ал финалдық жекпе-жектер 27 қазанда өтеді.