Футбол

Йонсен: «Актобеден» үміттіміз, чемпиондықты өзіміз алуымыз керек

Бьорн Йонсен «Жеңіспен» болған 1:1 есебінен кейін «Ордабасының» көңілі қалғанын айтты. Ол чемпиондық үшін шешуші сәттерде команда өзіне сенуі тиіс екенін атап өтті.

Шымкенттік «Ордабасы» шабуылшысы Бьорн Йонсен Қазақстан Премьер-лигасының 29-туры аясында «Жеңіспен» өткен үйдегі 1:1 есебіне пікір білдірді.

Норвегиялық ойыншы команданың жеңіске ұмтылғанын, бірақ матчтың өздері күткендей өрбімегенін айтты. Оның сөзінше, команда бір ойыншымен аз қалғанына қарамастан, сапалы гол соғып, нәтижені сақтап қалды.

«Біз көңіліміз қалған күйдеміз. Бірақ бәрі қалай өрбігенін ескерсек — бір ойыншыға кем қалдық, соған қарамастан әдемі гол соқтық, — бұл жаман нәтиже емес. Чемпиондықты бізге ешкім сыйламайды, оны өзіміз алуымыз керек. Қарсылас өте жақсы ойнады, бәлкім, бұл олардың соңғы 20 ойындағы ең үздік кездесуі болды. Біз керісінше, ең жақсы ойынымызды көрсеткен жоқпыз: доп қозғалысы да, дәл пас та болмады», — деді Йонсен.

Ол сондай-ақ өзінің офсайдтан соғылған голы есептелсе, матч мүлде басқаша аяқталуы мүмкін екенін айтты. Форвардтың пікірінше, мұндай сәттерден кейін команда еңсені түсірмей, қайта көтерілуі керек.

Йонсен алдағы шешуші ойындарға да тоқталды. Оның айтуынша, ертең «Актөбе» мен «Қайрат» кездесуінде кез келген жағдай болуы мүмкін, ал шымкенттіктер бұл матчтан «Актөбенің» пайдасына нәтиже күтеді.

«Біз «Актөбеге» үміт артамыз, бұл ойынды көреміз де, жағдайдың қалай өрбитінін бақылаймыз. Келесі аптада бізге павлодарлық «Ертіске» қарсы матч бар. Оларға лигада қалу үшін аман қалу күресі қажет, сондықтан бұл да қиын ойын болады», — деді ол.

Еске салайық, кездесудің 48-минутында Ги-Марселен Килиама өз қақпасына гол соғып алды. 69-минутта Жасұлан Әмір алаңнан қуылды, алайда араға бір минут салып Эльхан Астанов «Ордабасыға» тең есеп сыйлады.

Қазір «Ордабасы» 68 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап тұр. Негізгі қуғыншы — 63 ұпайы бар алматылық «Қайрат». Ол 29-турдағы өз матчын 25 қазанда «Актөбеге» қарсы өткізеді. Егер алматылықтар жеңсе, көшбасшымен арадағы айырмашылықты екі ұпайға дейін қысқартады. Ал шымкенттіктер чемпиондықты 31 қазанда сырт алаңда «Ертіске» қарсы ойында рәсімдей алады.