Бокс

Еркетан Жаркынбек әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Будвада өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Еркетан Жаркынбек ширек финалда Германия өкілі Йоан Эрнандесті жеңді. Осылайша ол ел қоржынына кемінде қола медаль түсірді.

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Еркетан Жаркынбек ширек финалдық кездесуін өткізді.

90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жаркынбек Германия спортшысы Йоан Эрнандеспен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек үш раундқа созылып, төрешілердің бөлек шешімімен 3:2 есебі Еркетанның пайдасына тіркелді.

Осы жеңістің арқасында қазақстандық боксшы жартылай финалға жолдама алып, кемінде қола медальді қамтамасыз етті.

Бұл — осы әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы үшін қоржынға түскен екінші кепілденген жүлде. Бұған дейін 80 келі салмақта Зарина Толыбай да жартылай финалға өткен болатын.

Әлем чемпионаты 16–27 қазан аралығында өтіп жатыр. Жарысқа 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысуда.