Владислав Саможонов әлем чемпионатының жартылай финалына шықты
Қазақстандық боксшы Владислав Саможонов Будвада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының ширек финалында Германия өкілі Олувайоми Ремелді жеңді. Осылайша ол кемі қола медальді қамтамасыз етті.
Қазақстандық боксшы Владислав Саможонов Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында жартылай финалға жолдама алды.
Суперауыр салмақта, 90 килограмнан жоғары дивизионда өнер көрсеткен Саможонов ширек финалда Германия өкілі Олувайоми Ремелмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан 5:0 есебімен жеңісті қазақстандық боксшыға берді.
Екінші және үшінші раундтарда төреші неміс спортшысына нокдаун санады. Осы нәтижеден кейін Владислав Саможонов жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола медальді өзіне қамтамасыз етті.
Айта кетейік, Саможонов биыл 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионы атанған болатын.
Бұған дейін ол әлемдік додадағы алғашқы кездесуінде түркиялық Хакан Дениз Коскунды мерзімінен бұрын жеңіп, жарысты сәтті бастаған еді.