Футбол

ФИФА әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионатын АҚШ-та өткізетінін жариялады

Әйелдер арасындағы алғашқы клубтық әлем чемпионаты 2028 жылдың 5–30 қаңтары аралығында АҚШ-та өтеді. Турнирге алты футбол конфедерациясынан 16 команда қатысады.

ФИФА тарихтағы алғашқы әйелдер арасындағы клубтық әлем чемпионаты 2028 жылдың 5–30 қаңтары аралығында АҚШ-та өтетінін ресми түрде мәлімдеді.

ФИФА президенті Джанни Инфантино бұл шешімге байланысты АҚШ-ты құттықтап, елдің бұрынғы ірі турнирлерді жоғары деңгейде ұйымдастырғанын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа дода әлемнің үздік әйелдер клубтарын біріктіреді.

Жаңа турнир ФИФА қамқорлығындағы тың жарыс ретінде бекітіліп отыр. Алғашқы жарыс төрт жыл сайын өткізуге жоспарланған.

Дебюттік додаға алты футбол конфедерациясынан 16 клуб қатысады.

АҚШ 2026 жылы да әлем чемпионатын Канада және Мексикамен бірге қабылдаған болатын. Ол турнир тарихтағы ең ауқымды чемпионатқа айналып, алғаш рет үш елдің аумағында өтіп, 48 құраманы жинады.