Николай Веретников UFC 335 турнирінде жеңілмеген америкалықпен кездеседі
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Николай Веретников келесі жекпе-жегін UFC-де өткізеді. Оның қарсыласы — кәсіби мансабында әлі жеңілмеген америкалық Рональд Хамфри.
Қазақстандық файтер Николай Веретников (14-8) UFC-дегі келесі жекпе-жегін америкалық Рональд Хамфриге (5-0) қарсы өткізеді.
Жартылай орта салмақтағы бұл кездесу 13 желтоқсанда Лас-Вегаста (АҚШ) өтетін UFC 335 турниріне жоспарланған. 26 жастағы Хамфри үшін бұл UFC-дегі алғашқы жекпе-жек болмақ.
36 жастағы Веретников соңғы рет 16 мамыр күні Лас-Вегаста өткен UFC Fight Night турнирінде жұдырықтасты. Ол америкалық Калин Уильямсқа бірінші раундта техникалық нокаутпен есе жіберген еді.
Хамфри соңғы бес кездесуінің бәрінде мерзімінен бұрын жеңіске жеткен. Ол Дана Уайттың іріктеу турнирінде өнер көрсетіп, UFC-ге жолдама алған.