Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық боксшы Зарина Толыбай ширек финалда жеңіске жетіп, ел қоржынына алғашқы медальді түсірді.
80 килограмнан жоғары салмақта өнер көрсеткен Толыбай Тувалудан келген Френцис Таафакимен жұдырықтасты. Жекпе-жек қазақстандық спортшының басымдығымен өтіп, екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды.
Кездесу барысында төреші қарсыласына үш нокдаун, ал Қазақстан өкіліне бір нокдаун санады. Осы нәтижеден кейін Зарина жартылай финалға шығып, кем дегенде қола медальды өзіне қамтамасыз етті.
Осылайша, Толыбай әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы үшін алғашқы кепілденген жүлдені әкелді. Ол — жастар арасындағы Азия чемпионы атағын иеленген қазіргі чемпион.
Енді қазақстандық боксшы финалға жолдама беретін кездесуде түркиялық Мирей Догрумен қолғап түйістіреді. Будвадағы жарыс 27 қазанда аяқталады.
Турнирге 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысып жатыр.